Тараз. 77news — Күні бүгін аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов, аудандық бас санитарлық дәрігер М.Асаров және полиция қызметкерлері бірлесіп Қордай ауылында рейд жүргізді, — деп хабарлайды 77news.kz АА агенттігі Қордай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру жұмыстарының басты мақсаты – сауда орындарындағы карантин режимі тәртібінің, санитарлық талаптардың сақталуы, заңсыз саудаға жол бермеу болды.

Елде төтенше жағдай режимі аяқталғанына қарамастан, облысымызда карантин шаралары өз күшін жойған жоқ. Дегенмен өңірде карантин шектеулері біртіндеп жеңілдейді. Осыған орай, бірқатар сауда нысандарына өз жұмысын бастауға рұқсат берілген болатын. Рейд барысында аталмыш нысандарда карантин және санитарлық талаптардың сақталуы тексерілсе, ауыл тұрғындарына бетперде киіп жүру керектігі ескертілді. Тексеру барысында бірнеше сауда орнында олқылықтар анықталып, Б.Жамангозовтың тарапынан қатаң ескертулер айтылды. Сондай-ақ, санитарлық талаптарға құлақ аспасағандардың сауда орындары жабылуы мүмкіндігі түсіндірілді. Рейд барысында көшедегі заңсыз сауда мәселесі де анықталып, қатаң түрде ескертулер жасалды.

Осыдан кейін карантинде жатқан тұрғындардың шектеу шараларын қаншалықты атқарып жатқандықтары тексерілді. Санитарлық дәрігер тұрғындарға санитарлық талаптарға немқұрайлықпен қарамауларын ескертеді.