фото: 77news

Тараз. 77news — «Сыңғырла, соңғы қоңырау!». Расында да, бүгін мыңдаған түлек үшін жүрек дүрсілі әдеттегіден бөлек соққан күн. Себебі санасына сауаттылықтың сәулесін түсіріп, көкейіне тәрбие дарытқан ортамен қоштасу оңай емес. Алайда бұл коңырау бұрынғыдан өзгерек. Себебі бүгін оқушылар мен ұстаздар, мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау салтанатты шарасы онлайн форматта өтті. 

Cоңғы қоңырау балалардың есейгенін көріп көз жасына ерік берген ата-ана үшін де, шәкірттерін қимастықпен шығарып салған ұстаздар қауымы үшін де, олармен қоса толқып тұрған оқушылар үшін де ортақ. Онлайн форматта өткен салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оқушылар мен ұстаздарды айтулы күнмен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. Кейіннен «Жастар аллеясынан» бастау алған іс-шара барысында 6 автокөлік ұлы ақын Абай Құнанбаев бейнеленген байрақты желбіретіп, 6 бағыт бойынша Тараз қаласын жүріп өтті. Абайдың 175 жылдығымен қатар келген мерекелік іс-шарада оқушылар ақын өлеңдерінен жыр шумақтарын оқып, әндерін айтты. Ал жас түлектердің жүздерінде қуаныш пен қимастық сезімдері көрініп тұр.

фото: 77news

Бұл ретте еліміздегі орын алған соңғы жағдайларға байланысты сын-сағатта сабырлық танытып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан жалықпаған ұздаздардың еңбегі зор. Сондықтан ұрпағының ұлы арманын арқалаған мұғалімдер қауымы қашанда құрметке лайық,- деді Жәмилә Бекбатырова.

фото: 77news

 Айта кету керек, биылғы оқу жылында облыс бойынша 230 мыңнан аса оқушы мектеп бітіруде. Ал, 9171 түлектің 78,3% ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш тапсырған. Оның ішінде 383 түлек «Алтын белгіге»  және 366 түлек үздік аттестатқа үміткер.

Ұлдана Жұбай, «77news»