фото: жеке дерек көзі

Тараз. 77news — Ағымдағы жылдың 4 айында өңірде тіркелген жалпы қылмыс саны 34,9 пайызға төмендеді.  Әсіресе зорлық-зомбылық, ұрлық сынды бұзақылық дерегі азайған.  Бұл туралы өңірдің бас полицейі өз есебінде айтты.

Облыс бойынша қылмыс жасағаны үшін 1 мың 77 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Ал бұрын жасалынған  138 қылмыстың беті ашылған. Оның ішінде 123 ұрлық, 11 бұзақылық, 4 тонау дерегі бар. 4 айда жүргізілген іс-шаралар  нәтижесінде, пәтер ұрлығымен айланысқан бірнеше  қылмыстық топ ұсталып, жауапкершілікке тартылған.  «Әсіресе аудандар мен елді мекендерде төрт түлікті қолды қылу көптеп кездесетіні жасырын емес. Дегенмен ағымдағы жылы мал ұрлығы біршама азайды»,- дейді өңірдің бас полицейі.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс та биыл біршама төмендеген сыңайлы. Олардың түнгі уақытта көше кезіп, ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін бірінші кезекті ата-анасы жауапкершілікке тартылатынын айта кеткен жөн. Бұл ретте 21 жасқа толмаған тұлғаларға  алкоголь өнімдерін сатқаны үшін сатушылар да жаза арқалайды.  Ал есірткіге еліткендер де, есі кеткендер де азаймай тұр. 4 айдың өзінде 191 қылмыстық құқық бұзушылық анықталыпты. Осылайша заңсыз айналымнан 175 келіден аса есірткі заты тәркіленген.