фото: 77news

Тараз. 77news — Мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған мамандардың бірсыпырасының жұмысқа орналасуы бүгінгі күннің түйткілді мәселесіне айналып отыр.  Аталмыш жағдай оқытылған кейбір мамандықтардың өңір үшін өзектілігі төмен дегенді білдіреді. Нәтижесінде жастар жұмыссыз қалып, мемлекет шығынға батуда. Жауыр болған мәселені шешудің жолдары қандай? Бұл туралы облыстың білім беру гранттарын бөлу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысында айтылды.

Өңірдегі 3 жоғары оқу орыны мен колледждерге мемлекеттік оқу гранттары  бойынша мониторинг жүргізілген. Мамандар мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған мамандардың жұмысқа орналасуы қадағалаусыз қалғандығын айтады. Көрсеткіштер  жалған болып шыққан. Оқу орны мен бітірушілер арасында жүргізілген сұрауда сәйкессіздіктер бар. Білім мекемелері жұмысқа орналасу деңгейі әр мамандық бойынша 85-100% аралығында деп көрсетіпті.  Айталық, «2017-2019 жылғы   М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін грант жүйесімен бітірген түлектердің 92%-ы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. 2019 жылғы көрсеткіш 100%-ды құрайды» делінген. Алайда жас мамандармен тілдесу кезінде олардың жартысының ғана жұмысқа орналасқандығы белгілі болды.

фото: 77news
фото: 77news

Тараз педагогикалық университетіне жасалған зерделеу де статистика үшін жасалған өтіріктің бетін ашты. Оқу орнының өз мәліметінше, 2017-2019 жылдары грант жүйесімен білім алған мамандардың 88%-ы  жұмыс тапқан. Алайда түлектер  жауабы олардың 56%-ы  ғана еңбекке араласқандығын көрсеткен. Осылайша мемлекеттен бөлінетін қаражат  ақталмай қалуда. Ал, өңірде жоғары білімді қаржыгерлер, электр монтерлеры, металл құрылғыларын жинақтау слесарлары, жол құрылысы бойынша мамандар сияқты кадрларға қажеттілік бар.

фото: 77news

Сондай-ақ, жиын барысында өңір үшін қажетті мамандықтарға мемлекеттік грант 2017-2019 жылдары аз бөлінген немесе мүлдем бөлінбегендігі баса айтылды. Мұндай жағдай жұмыссыздар санын арттырып қана қоймай, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етуде. Өйткені, аймақ үшін қажетті мамандықтарды дайындау орындарын мемлекеттік тапсырыс арқылы сұранысы төмен мамандықтар алып отыр.

Фарида Сейілханқызы, «77news»