77news

Өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер сыбайлас жемқорлықпен күрес күшеюде. Бірақ «жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатқанымызбен, оны түп-тамырымен жоюға қауқарымыз жетпеуде. Оған дәлел —  жер қатынастары саласындағы бірқатар жемқорлық фактілерінің анықталуы. 

77news

Өркениеттің өркешіне жармасқан елдер үшін бас ауруға айналған сыбайлас жемқорлық, өкінішке орай, күн тәртібінен түспейтін мәселе болды. «Жамбыл-адалдық алаңы» кеңсесі мен жер қатынастары саласындағы мамандарының кезекті жиынында  жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы талқыланды. Шарада алғашқылардың бірі болып сөз алған жобалық кеңсенің жетекшісі Назима Дәрменқызының айтуынша, бүгінде жер комиссиясы мен өтініш берушілердің арасында уақытты негізсіз созу фактілері орын алуда. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Сондай-ақ, бүгінгі күні жер комиссиясының жер теліміне қатысты қарама-қайшы шешімдер шығаратын жайттары да жиі кездеседі екен.

Мониторинг барысында шаһар тұрғынының «Фейсбук» парақшасында қаланың мөлтек аудандарының бірінде орналасқан балалар футбол алаңының сатылып жатқандығы жөнінде ақпарат жарияланғандығы белгілі болды. Алғашында балалар спорттық алаңшасының құрылысы үшін жалға алынған жер учаскісі 1 жылдың ішінде  жеке меншікке өтіп кеткен. Кейінірек аталған учаскінің нысаналы мақсаты — үй жайларға қызмет көрсетуге арналған деп өзгертілген. Бүгінгі күні ол коммерциялық сауда объектісіне айналып, жалпы соммасы 31 млн теңгеге сатылымға қойылған. Ал, жауапты мамандар бұл мәселе бойынша сотқа жүгіну керек екендігін алға тартуда.

77news

Іс — шара барысында бұдан бөлек өзге де мәселелер қаралып, пайымды пікірлер айтылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетіне және Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастар бөліміне мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар жасалады. Десе де, жемқорлықтың тамырына балта шабу – оңай шаруа емес.  Ал, жақсы нәтиже үшін тек құзырлы органдар ғана емес, әр азамат ізгілікке бет бұрғаны абзал.

Ұлдана Жұбай, «77news»