Фото: 24.kz

Тараз. 8 желтоқсан. 77news — Елімізде бизнеспен айналысу енді едәуір жеңілдей түседі. Өйткені кәсіпкерлерге қойылатын талап пен тексеру мерзімі екі есе азаяды. Осыған сәйкес, бизнесті қолдауға бағытталған жаңа заң жобасы жақында парламентке жолданбақ, деп хабарлайды 24.kz

Бүгін еліміздің Жоғарғы соты мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнесті бірлесе қорғауға уағдаласты. Әрі арнайы іс-шаралар жоспары даярланды. Қос тарап кәсіпкерді сотта қорғауға қатысты негізгі мәселелерді зерделеп шықпақ. Бұдан бөлек бизнестің құқықтық мәдениетін көтеру, дау-дамайларды сотқа дейін реттеуді де кеңесіп шешуге келісіп отыр.   

«Қазір 61 мемлекеттік орган шамамен 540 міндетті  жүзеге асырып отыр. Ал жақында парламентке жолданатын заң жобасында бұл міндеттер 30 пайызға азаяды. Ал қазіргі бизнеске қатысты 30-ға жуық талап 56 пайызға қысқаруы тиіс. Бастысы тексерушілер саны азаяды. Сервистік құрылымдар бір ретке келтіріледі», — деді  ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бағлан Мақұлбеков.

«Қазір мына кәсіпкерлердің тарапынан сотта қаралып жатқан істер бойынша сот органдары көбінесе мемлекеттің мүддесін қорғайды. Немесе кәсіпкерлер өздері жасаған шарттардағы орандалуына жете көңіл бөлмеді деген жағдайлар айтылып жатыр. Мәне осындай жағдайларды болдырмау үшін жалпы қоғамдық қатынастарда құқықтық мәдениеттілікті сақтау отырып, заң үстемділігін қамтамасыз ету мақсатында бүгін бір шешім болады деп ойлаймыз», — дейді Рүстем Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары.