фото: Жамбыл облысы әкімдігі сайтынан

Тараз. 77news — Сенбі, 27 маусым күні Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында бірегей джип-сафари экспедициясы өтті. Онда Әулиеата жерінің қасиетті жерлерін аралаған танымал қонақтар қатарында отандық эстрада жұлдыздары, атақты спортшылар мен блогерлер болды.

Аталған шара ойлағандай әсерлі әрі жоғары деңгейде өрбіді. Экспедицияның ашылуында қонақтар назарына көне жәдігерлер, халық қолөнері бұйымдары ұсынылып, ұлттық салт-дәстүрлер туралы баяндалды.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі әзірлеген көрмеге XII-XIII ғасырлардағы 50-ден астам археологиялық жәдігерлер қойылған десек, олар көне Тараздың өткенінен сырт шерте білді.

Этноауылда қонақтар көшпелі қазақтардың тіршілігіне бойлай алды. Облыстық «ARAI» газетінің фотографы Алтынбек Қартабайдың фотокөрмесі өңір табиғатының сұлулығын паш етті.

фото: Жамбыл облысы әкімдігі сайтынан

Сондай-ақ, «Рысбаева и К» компаниясы Жамбылдың көрнекі орындары бейнеленген сувенирлер топтамасын көрсетсе, «ASPARA» сән үйі ұлттық әйелдер киімінің сән көрсетілімін өткізді.

— Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қазақстандық және шетелдік туристерді тартатын орталыққа айналуы тиіс. Әлемнің көптеген елдері мемлекеттік қазынасынан қомақты қаражат қарастыра отырып, туристік жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл орайда біздің өңіріміздің де әлеуеті жоғары. Джип-сафари экспедициясы ішкі туризмді дамытуда үлкен рөл атқаратынына сенімдімін. Шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын болады, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

фото: Жамбыл облысы әкімдігі сайтынан

Аймақ басшысы қонақтарға «Қар-алма» тау шаңғысы кешенінің құрылысы және ішкі және балалар туризмін дамыту туралы жоспарларымен бөлісті.
Қонақтардың бірі, белгілі әнші Сәкен Майғазиев барлық қазақстандықтар ежелгі Тараздың бай тарихы барша қазақстандықтардың мақтанышы екендігін атап өтті.

— Бүгін біз Жамбыл облысының көптеген туристерді тартудың қайнар көзі және дамыған туристік кластердің инфрақұрылымын құруға негіз бола алатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Бұл халықаралық аренада аймақтың бірегей имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деп әнші ағынан жарылды.

фото: Жамбыл облысы әкімдігі сайтынан

Құрметті қонақтардың қатарында әнші Кенжебек Жанәбілов, ақын Ринат Заитов, әнші Досымжан Таңатаров, актер Қайрат Әділгерей, әнші Индира Расылхан, боксшы Жанқош Тұраров, палуан Бейбіт Ыстыбаев, ММА жауынгері Қуат Хамитов, фотограф Мақсат Елібай, кәсіпкер Досбол Мәлікомар, блогер Өркен Кенжбек, ZTB.kz жобасының негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов болды.

Ресми ашылу рәсімінен кейін қонақтар жол талғамайтын көліктермен экспедицияға аттанды. Олар маршрут бойынша қасиетті «Топағаш» тоғайы, «Арғынкөл» жағалауы және «Сұмқайты» жазығы арқылы өтті.

фото: Жамбыл облысы әкімдігі сайтынан

Джип-сафаридің қатысушылары аймақтың климаттық, географиялық және геологиялық жағдайларының ерекшелігіне көз жеткізе алды. Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихи зерттеулер» орталығының қызметкерлері аталған жерлерге қатысты аңыздар туралы әңгімелеп берді.

Келесі күні қатысушыларға аймақтың тарихи және мәдени ескерткіштеріне экскурсия ұйымдастырылды десек, онда қатысушылар «Ақыртас» сарай кешені, «Тектұрмас» этномәдени кешені, «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша Бибі» және «Бабаджа Хатун» кесенелері, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіштерді аралап, танысты.

Облыс аумағында 3441 тарихи-мәдени құндылығы бар ескерткіш тіркеуге алынған. Оның ішінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 5 нысан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұра тізіміне енген («Ақтөбе» (Баласағұн), «Өрнек», «Құлан», «Қостөбе» қалашығы және «Ақыртас» сарай кешені), 6 – Ерекше қорғалатын мемлекеттік аймақ («Берікқара», «Мерке», «Аңдысай», «Жусандала», «Үмбет», «Қарақоңыз») және 37-негізгі туристік нысан бар.

Бүгінгі таңда өңірдегі 37 негізгі туристік нысан бойынша 22 арнайы туристік бағыт әзірленді.