Фото:Vласть

Тараз. 8 желтоқсан. 77news — Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық саны күн өткен сайын артып келеді. Осы жылдың он айында құзырлы органдарға 60-қа жуық шағым түскен. Бұл туралы «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» атты бас қосуға қатысқан 77news тілшісі хабарлайды.

Биыл ұлттық бюро жүргізген тексеріс нәтижесінде Жамбыл облысы бойынша 222 қылмыс тіркелген, 150-ден астамы жемқорлыққа қатысты. Нақты айтқанда, 50 азамат пара алса, 37-сі қызметін асыра пайдаланған. Ал, 30-ы бюджет қаржысын жымқырғандар. Сот сараптамасынан соң, аталған қылмыскердің 60-ы ақшалай айыппұл арқалаған. 30-дан астамы темір торға тоғытылған екен.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің штаб басшысы Ғани Тубаевтың айтуынша, мемлкеттік мекемелер арасында, жемқорлыққа әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау, білім, әлеуметтік салалар және құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында жиі жол беріледі екен. «Мәселен, Талас ауданы құрылыс бөлімінің басшысы, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жобаны қабылдау үшін 1 млн теңге пара алған. Ол азамат ұсталып, дүние мүлкі тәркіленді және 7 жылға бас бостандығынан айырылды»,-деп атап өтті жауапты маман.

Бұл бағытта көрсеткіш көңіл көншітпегенмен сала мамандары алдын алу шараларын жүйелі жалғастырып келеміз дейді. Түсіндіру жұмыстары, барлық мемлекеттік мекемелер мен оқу ордаларында жалпы саны 50 000 астам адамды қамтыған. Жыл басынан бері 650-ге жуық іс-шара ұйымдастырған. Нәтижесі де жоқ емес, тұрмыстық жемқорлық азайды дейді құқық қорғаушылар.