Фото: Business.gov.kz

Тараз. 8 желтоқсан. 77news — Тараз маңындағы «Юбилейное» саяжайының халқы «тұтынбаған энергия үшін ақы төлеуге мәжбүрміз» деп шу шығарды. Айтуларынша, тұрғындарға ток көзін таратып отырған «Қазфосфат» серіктестігі әр үйге электр энергиясының ай сайынғы төлемінен бөлек 700 теңгеге жуық ақы төлеуді міндеттеген. Осылайша олар жоғалған энергияның орнын тұрғындар қалтасынан толтырмақ дейді көпшілік.

Жұрттың жаппай көтерілуіне жарыққа қатысты жанжал себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, «Қазфосфат» серіктестігінің өкілдері оларға «мамыр айынан бүгінгі күнге дейін ұрланған әрі төленбеген энергия шығыны үшін 2 млн теңгедей қарызсыңдар» деген. Бұқара бұған наразы. «Юбилейное» саяжайының тұрғыны Жұмасейт Досымбековтың айтуынша, саяжайда 380 үй бар екен. Әр үй басына 662 теңгеден төлейтін болса, 240 мыңдай ақша жиналады екен. Үзбей жарық ақысын төлеп келе жатқан тәртіпті кісілер үшін бұл — заңсыз әрекет.

Бұқара бес күн бойы жарықсыз отырған. Өйткені, бір тиын бермегені үшін зауыт жарықтарын сөндіре беруді әдетке айналдырды дейді.

«Біз саяжайдағы әрбір үймен келісім-шарт жасамаймыз. Әр ауладағы ұрыны аңдымаймыз. Біз тек сол жердің төрағасымен шарт жасасып, ток береміз. Саяжайдың Марина Шаткина есімді төрайымы келіп кетті. Ол халықтан қарызды қайтару үшін, әрі есептеуіштерді ауыстыруға байланысты құрылыс жұмыстарын бастау үшін 10 күнге ток көзін беруді тоқтаңыз деп хат қалдырды. Сол үшін жарық бермедік. Олардың қарызы 2 млн теңгеге жуық. Халық қарызды қайтармайынша ток беруді түбегейлі тоқтатамыз. Оларға бұл жөнінде ескерттік», — деді «Қазфосфат» ЖШС энергетика бойынша бас менеджері Виталий Цвит.

Дау үдеген соң мәселеге билік араласқан. Жұрттың 30 пайызы жарыққа қарыз екен. Оны тұрғындардан өндіру үшін бөліп төлеу кестесі жасалған. Билік «Қазфосфаттан» жарықты сөндірмеуді сұрады.

«Облыстық энергетика басқармасы тарапынан электр стансасын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. 50 млн теңге бөлініп, келесі жылы сараптамадан өтіп, соғылуы да мүмкін», — деді Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбахрам Дүйсекова.

Аймақтағы алып кәсіпорын аталған саяжайға 19 теңге 50 тиыннан ток таратады. Ал, саяжай басшысы оны халыққа 21 теңге 50 тиыннан береді екен. Ай сайын бұқара сағатына 70-80 мың кВт қуат тұтынады. Былтыр да әр үй ай сайын жағылған жарықтан бөлек 700 теңгедей ақша төлеген. Сондағы 1 млн 800 мың теңге биылғы жылға қор ретінде қалыпты. Алайда, тұрғындар оны жарты жыл бұрын зейнетке шыққан бұрынғы төраға жымқырып кетуі мүмкін деп күдіктенеді. Олар енді бұл іске заң органдарының араласуын қалап отыр.

Нұраддин РАХАЙ