Тараз. 11желтоқсан. 77news — Қыс түсе дайындығы сынға ұшырайтын жылуға жауапты мекемелер биыл да дау-дамай төңірегінен шыға алмауда. «Тараз Транс Энерго» АҚ-на қарасты Аппасов көшесіндегі №30 үй жылуға жарымай отыр. Тұрғындар, — аталмыш мекеме жұмысқа салғырттық танытып отыр, — дейді.

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда коммуналдық қызмет ақысы барынша қымбаттаған. Биылғы жылдың қараша айында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны бірден 8,1%-ға артқан. Былтыр осы кезеңде елімізде коммуналдық қызмет бағасы 6,9ы%-ға қымбаттаған еді.

Атап айтар болсақ, ыстық су бағасы 11 айда 14,9%-ға, қаңтар-қараша айларында газ тарифі 10,6%-ға қымбаттаған. Тарату желілері арқылы тасымалданатын табиғи газдың орташа алғандағы тарифі 18,4 теңге, 1 келі сұйылтылған газ үшін — 148,75 теңге болады.

Қымбатшылықтан жылу тарифтері де қалыс қалмапты. Осы жылы оның бағасы 9,6%-ға өскен. Бұл қызмет үшін қазақстандықтар 1Гкал үшін 3,9 мың теңге төлейді.

Коммуналдық қызмет қымбаттағанымен сапа әлі де сын көтермейді. Осыдан екі ай бұрын ғана облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың алдында есеп берген тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басшысы Жамбыл облысы жылыту маусымына толық дайын деген болатын. Алайда жылдағы жылу жыры қайта айтылуда. Тұрғындар қыстың алғашқы аязында-ақ бүрсең қағып, жылу іздеп қай есікті қағарларын білмей әуреге түсті.

Бұған дәлел — Тараз қаласы Аппасов көшесіндегі №30 үйдің тұрғындарының жан айқайы. Көп қабатты үйдің тұрғыны Николай Свириденконың айтуынша, бұл жылда қайталанатын жағдай екен. Қатты аяз кезінде тоқ қосуға мәжбүр боламыз. Ал ол қалтамызды қағады,-дейді ашулы тұрғын.

Бөлме ішіндегі ауа температурасы 18 градустан төмен болмауы тиіс. Алайда, мұндағы үйлердегі жағдай мүлдем басқаша. Тұрғындардың айтуынша, жылудың дұрыс жетпеуінің бір ғана себебі бар. Жөндеу жұмыстары кезінде орнатылған арнайы құрылғы қажетті жылуды жеткізе алмайды. Мәселенің мән-жайына «Жеке пәтер иелерінің қауымдастығы» өкілдерімен сұхбаттасып қанықтық. «Толқын Тараз» ЖПБ төрағасының айтуынша, құбырларды ауыстыру керек екен. Мұнда жүздік өлшемдегі құбырлардың орнына жетпіс алтылық жылу арналары тұр екен. Кооператив төрағасы Сайлаубек Мадияров бұл іске «Тараз Транс Энерго» жылу беретін мекемесі кінәлі деп есептейді. Ал олар: «Бастысы бұл үйлерге жылу беріліп жатыр. Ал, кей пәтерлерде жылу болмауы біздің ісіміз емес. Басқа алпыс үйде жылу бар, екі үй жылусыз отыр деп жөндеу жұмысын жасамаймыз»,- дегенді алға тартты.

Сонда жылу жетпеген үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстарын өз қалталарынан төлемек пе? Олар онсызда ай сайынғы төлемді үздіксіз төлеп отыр емес пе? Жылуға жаримыз деп берген ақшалары желге кеткені ме? Бұл — жаны қысылған жұрттың жауапсыз сұрақтары. Бұқараның базынасына жауаптылар бас ауыртпаса әкімдікке барып байбалам салуға бел байлап отыр.

 Гүлнар Ділдаханқызы