Фото: 77 news

Тараз. 11 желтоқсан. 77news —  Өңірде орман өртінің алдын алу жағы ақсап тұр. Осы жылдың өзінде-ақ тілсіз жау 11 200 гектар аумақты тып-типыл еткен. Әсіресе, Мойынқұм және Шу аудандарында шарпыған өрттен шығын көп. Билік басшыларының бейқамдығынан  алдын-алуға болатын дала өрті өршіп кеткен. Осындай олқылықтар облыс әкімдігінде өткен алқа отырысында айтылды. 

Күн тәртібінде көтерілген мәселе орман шаруашылығы саласына қатысты болды. Бұл саладағы ахуал көңіл көншітпейді. Тексеріс жүргізген құқық қорғаушылар 25 мемлекеттік қызметкердің жұмысына жауапсыз қарағанын әшкереледі. Оның үшеуі мекеме басшылары. Сонымен қатар «Қызыл кітапқа» енген жануарларға аңшылық жасау бойынша 3 іс қозғалған. Оның бірі шетелдік азаматқа қатысты. Осы жайттарды сарапқа салған өңірдің басшысы, жауаптылардың жұмысына көңілі толмайтындығын ашып айтты.

Сала мамандарының салғырттығын бетіне салық қып басқан аймақ басшысы сыннан сабақ алу керектігін басып айтты. Бұл ретте қырда қой өргізген қойшыларға қырғидай тиген ит құсты азайту күн ілгеріге қалмай шешілу тиіс.   Ол үшін облыс бюджеттен 5 жарым млн-ға жуық қаржы қарастырылған. Қаржы демекші алқалы отырыстың екінші  жартысы осы бағытқа арналды. Сан саланың басшылары биылғы жылға бөлінген 218 млрд. теңгенің қалай игергендері жайында есеп берді.