Фото:Массагет

Тараз. 11 қараша. 77news — Facebook әлеуметтік желісі Messenger Kids атты кішкентай қолданушыларға арналған мессенджерді іске қосты. Ол арқылы балалар достарымен және ата-аналарымен сөйлесе алады.  Оларға арнайы тіркелу қажет емес, ата-аналарының аккаунты арқылы жүзеге асырылады. 

Әлеуметтік желілердің ережесіне сәйкес, балаларға өз аккаунтын ашуға тыйым салынады. Жаңа қосымшаны ата-ана баланың смартфонына орнатып, өз аккаунты арқылы тілдесу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Messenger Kids-тің бірінші ерекшелігі — ең бірінші көзге түсетіні онда ешқандай жарнама жоқ. Сонымен қатар, интерфейс балаға ыңғайлы етіп жасалған. Түймелер үлкен мөлшерде, ал түс гаммасы «ересек» нұсқасынан әлдеқайда ашық.  Ата-ана жазылған барлық хатты көре алады. Бала өз қалауы бойынша басқа да қолданушыларды чатқа қосуына болады.

Осы мессенджерді ойлап тапқан facebook мамандары бұл арқылы баланы оңай бақылап отыруға болады деп есептейді.  Естеріңізге сала кетейік, фэйсбук күннен күнге дамып келеді. Жақында Facebook компаниясы видео түсіру және редакциялау facebook creator қосымшасын шығарды. Қазіргі таңда олар селфи-қорғаныш қызметін сынақтан өткізіп жатыр.