Тараз. 77news — Шу ауданының орталығы Төле би ауылында ауданның 90 жылдығы, Шу қаласының 60 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар болып, оған аудан әкімі Нұржан Календеров қатысты.

Алдымен аудандық мәдениет үйінде ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан аптал азаматтар туралы жазылған «Шу өңірі энциклопедиясы» кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ аймақтың айтулы қаламгерлері мен өлеңмен өрнек салған шайырлардың таңдамалы шығармалары енген «Шу өңірі ақындарының антологиясы» мен аудан тарихы жинақталған бейнетаспаның тұсауы кесілді.

фото: Шу ауданы әкімдігі

Аудан тұрғындарын мерейтоймен құттықтаған Нұржан Календеров өңірде қай салада да жаңалық-өзгерістер болып жатқандығын, соның ішінде өлкенің тарихын түгендеу, танымал тұлғаларын құрметтеу және туған жерді түлету бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып жатқандығын жеткізді.

Салтанатты шаралар барысында ауданның дамуына атсалысқан бір топ азаматтарға мерейтойлық төсбелгілер табыс етілді. Мұнан кейін ауданның 90 жылдығы, Шу қаласының 60 жылдығы мерейтойына орай Төле би ауылында сұрапыл шайқаста өшпес ерлік көрсеткен 1944 жылы 3 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған, «Қызыл жұлдыз» және бірнеше төсбелгілермен марапатталған Михайл Иванович Перепеловтың бюсті ашылды. «Жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері» Михайл Иванович Перепеловтың бюстін ашу құрметі аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Календеровке берілді.

фото: Шу ауданы әкімдігі
фото: Шу ауданы әкімдігі