Тараз. 77news — Елімізде 13 301 медицина маманы вакцина салдырған. Енді екпе қарттарға да егілуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі хабарлады. Жалпы оқу жылы басталғалы Қазақстанда 7 жарым мың баладан коронавирус анықталды. Оқушылардың 75 проценті дәстүрлі форматта білім алған. Елде індетке қарсы шаралар қалай жүріп жатыр? Отандық вакцина қашан дайын болады?

Картинки по запросу "Елімізде 65 жастан асқан адамдар вакцина салу тізіміне енгізіледі"

Қазақстанда 13 мыңнан астам медицина қызметкері вакцина салдырды. Бұл алғашқы 10 күндегі көрсеткіш. Ресейде жасалған препараттың 23 мың дозасы елге жеткізілген. Вакцинаны ең алдымен қауіптің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер, полицей және күштік құрылым сарбаздары алады. Балалар мен 65 жастан асқан азаматтардың жайы да ескерілген. Қарттарды арнайы тізімге қосу мәселесі қарастырылып жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Шілде айына дейін қазақстандық вакцинаның 2 млн дозасы шығарылады. 65 жастан асқан адамдар да екпе қабылдайтындар тізіміне енеді. Тек созылмалы аурулары бар адамдар вакцина салдырмайды. 
Елімізде әзірге тек 2 түрлі вакцина қолданылады. Бірі ресейлік, екіншісі әлі сынақ жұмыстары жүріп жатқан қазақстандық екпе. Еуропа мен Америка құрама штаттары қолданатын препараттардан біздің ел бас тартқан. Жауапты ведомство жаһандық «COVAX» бағдарламасына Қазақстанның қатысуы да екіталай екенін айтады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Бұл бағдарламаны әлі қарастырамыз. Келіссөздер жүріп жатыр. Тікелей өндірушілермен де байланыс орнаттық. Препарат әкелу жағын ойластырамыз. Әлемде вакцинаны 10 мемлекет ғана кеңінен қолданып жатыр. 
Қазақстанда ресейлік вакцинаға неліктен басымдық беріледі?
«Бұған себеп «Cпутник-Видің» әлемде коронавирусқа қарсы вакцина ретінде алғаш тіркеліп, тиімділігін тез дәлелдеп шығуы», — деді министр.
Цойдың айтуынша, Қарағанды фармацевтикалық зауыты жақында сол ресейлік екпені өндіре бастайды. Ол үшін бюджеттен 16,8 млрд теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен Ресейден шикізат сатып алынады.
Ажар Ғинаят, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
— Қазақстандық екпенің сынақ жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Оның өндірісіне 32 млрд теңге қарастырылған. Егер отандық ғалымдардың вакцинасы тиімділігін дәлелдесе, ол шамамен 15 млн қазақстандыққа егіледі. Елдегі эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Әсіресе Павлодар облысындағы ахуал қиын, дейді мамандар. Өңір бірнеше аптадан бері індеттің таралу деңгейі бойынша алда тұр.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
— Павлодар облысында аурудың таралу деңгейі 16 қаңтардан бері жоғарылап келеді. Жаңа жылдық демалыстан кейін карантин шаралары жеңілдетілген. Салдарынан індет кең тарап кетті. Тағы бір себеп өндіріс орындарында қауіпсіздік ережелері сақталмайды.
Індет балалар арасында да кең тарап барады. Оқу жылы басталғалы 7500 оқушыдан коронавирус анықталған. 75 проценті дәстүрлі форматта білім ала жүріп, қауіпті кесел жұқтырған.