Тараз. 77news —  Ү Н Д Е У

Құрметті тараздықтар!

Бәріміз таза, жасыл желекті және қауіпсіз қалада өмір сүргіміз келеді. Шаһардың көркі мен тазалығын сақтау қала әкімшілігіне жүктелгенімен, әрбір саналы азамат өзі тұратын ортаның таза, әрі қолайлы болуына үлес қосуы керек. Тараз күн сайын көркейіп, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Көгалдандыру жұмыстарына да мән беріліп, жасыл желектер мен гүлдер егіледі. Алайда, Тараз қаласының өзіне тән сәулеті мен келбетін жөнсіз ілінген жарнамалар мен заңсыз орын тепкен нысандар бұзып тұр. Осы орайда, әкімдік қала сәулетін біркелкі етуді қолға алады. Сіздерді ғимараттардың сырты мен жарнама құралдарын орналастырғанда біркелкі үлгіні ұстануға шақырамын. Құрылыс компаниялары мен өңірдің кәсіпкерлері жаңадан салынып жатқан нысандардың көріксіз қоршауларын ретке келтіргені жөн. Қаланы жайлы ету үшін «қақпасыз қала» қағидасы негізінде мекеме сыртындағы қақпалар мен қоршаулар алынып, сәулеттік жоба бойынша бірізділікке көшіріледі.     Туған қаласына шын жанашырлық танытатын тұрғындар осы игі бастамаларға қолдау білдіріп, шаһардың шырайын ашуға өз үлестерін қосады деген сенімдемін.