Тараз.77NEWS —Бүгінде тіршілігі қыз-қыз қайнаған кез келген қаланы қоғамдық жолаушылар көліктерінсіз көзге елестету тіпті де мүмкін емес. Осы саладағы мәселелерді жүйелі жолға қою, қалаішілік бағыттардағықызмет көрсету сапасын жетілдіруді үйлестіру қазір қай кездегіден де  маңызды болып отыр. Біздің шаһарымызда, міне,  осындай өркенді, өрісті істер кең ауқымда жүзеге асырылу үстінде,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Облыс орталығында бүгінде тұрғындарға 10 тасымалдаушы ұйым қызмет көрсетуде. Оларда барлығы 670 көлік бар (олардың 422-і дизельді отын тұтынатын  Қытайдың «DunFen», 50- і газбен, 198-і бензинмен жүруге арналған Ресейдің «ПАЗ» маркілі автокөліктері).Оның ішінде 205-і – резервтік жылжымалы құрамдар. Күнделікті 43 бағытта 465 автобус қатынайды. Жалпы салада барлығы 953 адам жұмыс істейді. 2016-2017 жылдары қалаішілік бағыттардағы қоғамдық көліктердің барлығы да навигациялық GPS жүйесіне көшірілгенін, 115-іне «автоинформатор» орнатылғанын, сондай-ақ алдағы уақытта 50-і бейнебақылау камераларымен қамтылып, 2019-2020жылдары толықтай электронды билеттендіру жүйесі енгізілетінін де атап өткеніміз жөн. Бұл тұрғыда былтырғы жылдың басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жолаушылар тасымалдаушы мекемелермен арада келісім жүргізу арқылы қалалық тұрақты бағыттарда қызмет көрсететін ескірген, техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді жаңалау ісін бастауды тапсырғаны белгілі. Бұл мәселе қазір де айрықша назарда ұсталынуда. Жалпы автобустардың пайдалану мерзімі 3 жылдан аспайтыны – 122 (18,2 пайыз), 4-5 жыл аралығындағысы – 216 (32,2 пайыз) бірлікті құрап отыр.  Айта кету керек, бүгінгі күні қаладағы қоғамдық көліктердің 332-ісінің, яғни  49,5 пайызының пайдалану мерзімі  6 жылдан асқандығы анықталып отыр. Негізінен қоғамдық транспорттар әрі кеткенде жеті жылда бір мәрте ауыстырылып тұруға тиіс. Өйтпеген күнде мұндай көлік иелерінің тендерлік конкурстарға қатысып, жеңімпаз атану мүмкіндігі біршама шектелуі мүмкін. Әрине, көлік паркін уақтылы жаңартып отыру ісі тасымалдаушы мекемелердің мүмкіндік, әлеуетіне де байланысты. Бұл – уақыттың да талабы.