фото: "77TV"

Тараз. 77news — Еліміздегі барлық студенттер қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкелі бері біршама уақыт өтті. Білім берудің бұл түрі 100 % нәтиже бермесе де, жоқтан жоғары деуге болады. Бұл туралы кеше облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Сондай-ақ, жиында 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқуға көшетін мектеп оқушыларының білім сапасына айрықша мән беріліп, дайындық жұмыстары пысықталды.

Білім алушылар қашықтықтан оқыту жүйесіне толығымен дайын емес, — деді Ержан Жылқыбаев. Себебі, өңірде 140 мыңға жуық, яғни 60% оқушы интернетпен қамтылмаған. Ал, мұғалімдердің 27 мыңға жуығында, яғни 28%-да интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ, 14%-да қажетті техника тапшы. Білім басқармасы осы уақытқа дейін 33 мектепке мониторинг жүргізген. Нәтижесінде, мектеп директорлары сынға ілігіп отыр. Себебі, білім ордаларының басым бөлігінде жағдай көңіл көншітерлік емес. Әсіресе, шалғай аудандар мен ауылдар әдеттегідей қалыс қалып отыр. Аталған салғырттықтар үшін мектеп директорлары жауапқа тартылатын болады. Уақыт өте тығыз. Ал, дайындық жоқтың қасы,  — деді басшылық өкілдері.

Ержан Жұматұлы облыстағы әр ауданның мектеп директорларымен онлайн режимінде тілдесті. Ол еліміздегі білім саласында жаңа оқыту жүйесінің алғаш рет орын алып отырғанын ескеретіндігін жеткізіп, шұғыл шешілуі тиіс мәселелерді атап өтті. Олардың қатарына: аз қамтылған немесе атаулы әлеуметтік көмек алатын, сондай-ақ, ата-анасынан айрылған балаларға; 3 немесе одан да көп баласы бар отбасыларға компьютер үлестіру, тегін интернетпен қамту міндеттері жатады. Ешнәрсені назардан тыс қалдырмаған облыс әкімінің орынбасары аймақтағы орта білім беретін 15 оқу орындарында бірде-бір студенттің сабаққа қатыспағандығын баса айтып, мұндай жағдай қайталанбауын ескертті.

Жалпы, облысымызда 442 мектеп, 250 мыңнан астам оқушы бар. Барлық білім алушылардың назардан тыс қалмауы мақсатында, ютуб арналарына салынатын арнайы сабақтар әзірленуде.Сондай-ақ, өңірдегі тәжірибелі педагогтардан топ құрылып, бейнесабақтар құрастырылады. Осылайша, дайын білім көздері шалғай аудандардағы мектептерге жіберіледі. Айта кету керек, қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша сынама  сабақтар бүгіннен басталуы тиіс.Ал, 2 сәуір күні  республикалық ата-аналар жиналысы,3 сәуір күні сынып сағаты өткізіледі.

Фарида Сейілханқызы, «77news»