Фото: 77TV

Тараз. 77news  —  Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шектеулерге сай 6 сәуірден бастап  мектеп оқушылары қашықтан оқыту режиміне көшеді. Бұл туралы  облыстық білім басқармасынан   хабарлады. Жаңа форматта оқытудың  бұл түрі тек білім беру мекемелерін жоғары деңгейде компьютерлермен қамтуға емес, сонымен қатар оқушылардың үй жағдайында да гаджеттерге қол жетімділігін талап етеді, — деп хабарлайды 77news.kz АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда аймақтағы 442 мектепте 230 мыңға жуық бала білім алуда. Оқушылардың 84 пайызында қашықтан білім алуға мүмкіндік бар. Яғни, қолда бар гаджеттері арқылы балалар онлайн сабаққа қатысуға дайындық үстінде. Алайда, өңірдегі 37 200 оқушының қашықтан оқуға мүмкіндігі болмай тұр. Бұл мәселені шешу үшін аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарына  мектептерге тиесілі компьютерлер үлестіріп отыр.

Фото: 77TV

Мамандардың мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін 12 мыңға жуық отбасындағы  балалар компьютермен қамтылған. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен 2 мың компьютер сатып алынды.  Ал өңірдегі Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында ата-аналардың сұранысы бойынша 27 балаға компьютер, ноутбук беріліп отыр.

 

Фото: Жамбыл облысының білім басқармасы
Фото: Фото: Жамбыл облысының білім басқармасы

Жалпы, қазіргі таңда өңірдегі ұстаздар қашықтан сабақ өткізу бойынша дайындық жұмыстарын пысықтауда. Ал онлайн сабақтармен қатар, мектеп оқушылары  «Балапан», «Ел арна» телеарналарындағы сабақтарға қатысатын болады.