Тараз. 77news — Мұғалімдер күні қарсаңында Тараз қаласындағы Достық үйінде салтанатты шара өтті, оған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, — деп хабарлайды 

«Сапалы білім – кез-келген прогрестің негізі. Сондықтан еліміздің жетістігі мен өркендеуі сіздердің үйлесімді жұмыстарыңызға байланысты. Мұғалімдердің төгілген маңдай тері өздері оқытқан, сол біліммен биіктерге жете білген шәкіртерінің алғысымен өтеледі. Сіздер өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесін дамытуға ерекше үлес қосып, елімізге зор пайда әкелесіздер. Сіздер тек оқытып қана қоймай, өз оқушыларыңыздың қабілетін ашуға, оларды жетістікке жетуге баулисыздар», — деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда мұғалімдер өздерінің мемлекеттің қамқорлығында екенін айқын сезінеді. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды.
«Сол сәттен бері білім беру саласында жаңа кезең басталды. Мұның бәрі білім беру жүйесінің халықаралық стандарттарға сай болуы үшін жасалуда. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мұғалімдерге маңызды міндет қойылды, ол – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу», — деді облыс әкімі.
Ол үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті.
«Биылғы жылы 42 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге, 22 білім беру нысанын салуға қаражат бөлінді. Егер коронавирустың таралу қаупі сейілсе, екінші тоқсанда балалар дәстүрлі білім беру форматына оралады. Бұған мектептер, мұғалімдер мен ата-аналар қазірден дайындалуы тиіс», — деп атап өтті облыс әкімі.
Салтанатты шара өзінің кәсіби біліктілігін бірнеше рет дәлелдеген үздік мұғалімдерді марапаттау рәсімімен жалғасты.
Биыл барлығы жеті мұғалім «Үздік педагог-2020» облыстық байқауының жүлдегері атанды. Олар облыс әкімінің алғыс хаттарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан сегіз мұғалім облыс әкімінің алғыс хаттарымен мараптталып, Құрмет грамотаға ие болды. Қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының бес педагогына ақшалай сертификаттар табысталды.
Барлық марапатталушылар үнемі жоғары нәтиже көрсетіп, оқушылары әлемдік және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып жүргендер.
«Үздік мұғалім — 2020» республикалық байқауының қорытындысы бойынша жамбылдық төрт мұғалім жоғары дәрежеге ие болды. Олардың арасында дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Жанар Жанғазиева да бар. Ол да облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Менің мұғалім болып жұмыс істеп жүргеніме 26 жыл болды. Осы уақыт ішінде білім беру саласы жақсы жағына қарай айтарлықтай өзгеріп келеді. Биыл қашықтан оқытуға көшуде елеулі мәселелерге тап болғанымыз жасырын емес. Дегенмен, мұғалімдер жаңа жағдайға тез икемделіп, жұмыстарын сәтті жалғастыра алды. Бұл біздің балаларымыздың, еліміздің болашағы үшін үлкен жауапкершілік жүктелетінін тағы да дәлелдей түсті. Әріптестеріме әрдайым шығармашылық шабыт пен төзімділік тілеймін», — деді Жанар Жанғазиева.