Тараз. 77news — Бүгін «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында 13 қараша — Зағиптар күніне орай мерекелік жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Қазақбай Байжұманұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева, «Желтоқсан тағлымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кенжебек Ибраимов қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан да қолдау білдіріп, қоғамда елеусіз қалдырмай, көңіл бөлініп келеді. Басынан небір қилы заман өтсе де, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған, мұқтажға жәрдемдесіп, жығылғанға сүйеу бола білген ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін қасиеті — қайырымдылық. Қайырымды болу үшін үлкен жүрек керек. Жиында жанарынан айырылған жандарға барынша ізгілік пен ілтипат көрсетілді. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Сегізбайұлы бірқатар зағип және нашар көретін жандарға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, сауапты істері өзгелерге үлгі боларлық, мейірімділігі жүрегіне, жомарттығы алақанына мекендеген адал жандар жиынға қатысқан ерекше жандарға қаржылай сыйлықтарын, азық-түлік пакеттерін, киім-кешектерді үлестірді.

«Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын» дейді халық даналығы. Бүгінде жанашыр жандардың шарапатты істері халық игілігіне қызмет етіп жатқандығы жасырын емес. Жақсылық жасап жарысушылардың қатары күн санап көбейіп келеді. Сондай жомарт жүректі жандардың бірі — Қазақбай Байжұманұлына, Гүлмира Амангелдіқызына, Кенжебек Нүпбайұлына, кәсіпкер Сабыржан Бабалиевқа, Ким Никонға және «Техноград», «Қазына» сауда үйлеріне алғыс білдіреміз. Осындай азаматтардың қатары көбейе берсін,-деді зағиптар қоғамының төрайымы Айгүл Турдалиева.

Әсерлі кездесуде жақсы жандардың шарапатты істеріне тәнті болып, өзінің ізгі лебізін білдірген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ахметжан Қосақов та жүрекжарды тілегін жеткізді. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ән шашуымен аяқталды.