Тараз. 77news — ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде кітап оқу сауаттылығына қатысты пікір білдірді.

«Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, нәтижелерін қолданады. PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке қарай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе», — деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар ол мәтінді түсініп қабылдау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема. Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Біз осы мақсатта жағдай жасауға міндеттіміз», — деді А. Аймағамбетов.