Тараз. 77news — Елімізде ұлттық құндылықтарды дамыту жөніндегі тұжырымдаманың жобасы әзірленді. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев айтты.

«Қазіргі қоғам қазақы тәрбиені естен шығарып, батыс тәлімін ту етіп, отан сүю сөзінің мән-мағынасынан алшақтап кеткен сияқты. Адам арасынан әділдік пен адалдық, ар мен ұятты өмірдің басты қағидасы деп танитындарды табу қиын.

Осының барлығы қазақ халқы үшін ерекше — өзіндік ұлттық идеологияның құлдырауынан деп білемін. Проблемалар діңгегі болып саналатын жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін сананы жаңарту керек. Ол тек өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына еңбексүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыру арқылы жүзеге аспақ. Ал сол жастардың бойында ұлттық құндылықтарды қалай қалыптастыруға болады? Жауап біреу – ол талбесіктен берілетін тәлім-тәрбие», — деді ол партияның кезектен тыс XVIII съезінде.

Оның айтуынша, статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Cоңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайыздан асса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызға жеткен. Бұл — ел болашағы үшін өте қауіпті көрсеткіш.

«Некесіз дүниеге келген, тастанды балалардың саны да өскен. Бүгін сәбилер үйінде қаншама тастанды бала тәрбие алуда. Бұл — адам тауқыметі ғана емес, қоғамның тауқыметі, жетімі мен жесірін далада қалдырмаған халқымыз үшін үлкен трагедия. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы еліміздегі ұлттық құндылықтардың қазіргі күйіне алаңдаулы. Ұлттық болмысымызды сақтау, отбасылық құндылықтарды қорғау, мемлекеттік тіл және рухани мәселелер партияның назарынан ешқашанда тыс қалған емес«, — деді партия басшысы.

Әли Бектаев бүгінге дейін еліміздің аймақтарында осы мәселелерге қатысты зиялы қауым өкілдерімен келелі кездесулер мен әр түрлі семинар-кеңестер өткізілгенін айтты.

«Үкімет басшысының атына еліміздегі отбасы институтына байланысты депутаттық сауалдар жолданды. Партияның аталған бағытта атқарған іс-шараларының нәтижесінде ұлттық құндылықтарды дамыту жөніндегі тұжырымдаманың жобасы жасалды. Ол ҚР Үкіметіне ұснынылатын болады«, — деді ол.