Тараз. 77news — Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында карантинге қарамай той жасағандар анықталды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті мобильді топтардың құрамында азаматтарға маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажеттігі туралы ескертуді, сондай-ақ вирусты жұқтыруға жол бермеу мақсатында жаппай мерекелік шаралардан бас тартудың маңыздылығын түсіндіруді жалғастыруда.

Мысалы, облыс орталығындағы мобильді топтар 80 адамға арналған үйлену тойының үстінен түсті. Мобильді топ өкілдері мерекелік шараға тосыннан кіріп барғанда абдырап қалған қонақтар келін мен күйеу жігітті тастап, қашып кетпек болды.

Тура осындай жағдай қаладағы кафелердің бірінде қайталанды. Онда 8 адам тексерушілер келгенде жиыннан кетіп қалмақ болды. Кафе басшылығы қонақтарына мекеме қызметкерлерімен бірге артқы есіктен шығып кетуге мүмкіндік жасаған.

Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Полиция қызметкерлері заңбұзушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық іс-шараларды ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Жиналған материалдар әкімшілік жауапқа тарту үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданды»,-делінген хабарламада.

Полиция департаменті Жамбыл облысының барлық тұрғындары мен қонақтарына туыстары мен жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында бұқаралық және ұжымдық іс-шаралардан бас тартуға шақырады.