Тараз. 77news — Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті аппарат мәжілісінде аудан әкімдерінің жұмысын сынға алып, олардың әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша дер кезінде шаралар қабылдамағанын атап өтті.

Мониторинг мәліметтеріне тоқталған облыс әкімі Т. Рысқұлов ауданында азық-түлік тауарларының 19 атауының бағасы бірден 10 пайызға, Жуалы ауданында сегіз, Меркі ауданында жеті пайызға өскендігін алға тартты.

«Т.Рысқұлов ауданында бір келі қант 290 теңгеден, пияз 70, сәбіз 120, картоп 140 теңгеден сатылуда. Әкімдер бұл мәселені бақылауда ұстауға міндетті. Күн сайын таңертең өздері аудан орталығын аралап, бағаны тексеріп, тазалықты қадағалап, жолдарды қарап, басқа да маңызды мәселелерді қамтуы тиіс. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар беруі керек», — деді облыс әкімі. Мәселеге қатысты сауалдар Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарына да жолданды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Қайрат Амановтың ақпараты бойынша, Жуалы ауданында азық-түлік тауарларын сақтауға арналған тоғыз, Меркі ауданында – сегіз, Т. Рысқұловта – үш қойма бар. Ал, Талас және Сарысу аудандарында бірде-бір қойма жоқ. Айта кетейік, облыс бойынша мұндай барлығы 230 қойма бар.

«Біздің міндетіміз – азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру. Әкімдер шаралар қабылданып жатыр деп сендіргенмен, әзірге ол жұмыстардың нәтижесі көрінбейді», — деді аймақ басшысы.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «Тараз ӘКК» АҚ дүкендер желісінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтық бағадан 10-20 пайызға төмен сатылуда.

«Тараз ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Қаржауов облыс орталығында ондай дүкендердің саны 15-ке дейін артатынын хабарлады. Қазір қалада осындай алты дүкен жұмыс істеп тұр. Шаруалар өз өнімдерін тікелей сол жерге жеткізе алады.

«Тұрғындар әлеуметтік дүкендердегі бағаларға ризашылықтарын білдіріп, осындай дүкендерді көптеп ашуды сұрап отыр. Қала бойынша әр аумақтан осындай павильондар ашыңыздар. Аудандардағы жағдай мәз емес. Әкімдерді бұл сұрақ мүлдем қызықтырмайтын сияқты. Олардың ешқайсысы ауылдарда әлеуметтік павильондар ашуға тырыспайды. Неге шаруа қожалықтарымен жұмыс жасамайсыздар? Неліктен оларға ұтымды ұсыныстар ұсынбайсыздар?» – деді Бердібек Сапарбаев.

Нақты жауап ала алмаған аймақ басшысы барлық ауданда 15 желтоқсанға дейін әлеуметтік павильондар ашуды бұйырды.

«Мерекеге қарсаңында біз өнімді нарықтық бағадан төмен бағада сатылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобасын және «Алқаптан сөреге дейін» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Барлық аудандарда және облыс орталығында жәрмеңкелер өтуі тиіс», — деп бұйырды аймақ басшысы.

Облыс әкімі ішкі нарықты отандық тауарлармен қамту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуін және делдалдық схемаларды болдырмау бойынша нақты міндеттер жүктеді.