Тараз. 77news — Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты шара өтті. Онда аталған саланың өркендеуіне ерекше үлес қосқан еңбек озаттары марапатталып, сый-құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ауылшаруашылығы саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтіп, тың жетістіктер мен табыстарды саралады. Мәселен, мемлекеттік қолдаулардың арқасында сала көрсеткішінің жоғарылап, халық жағдайының жақсарып келе жатқанын, өндіріске озық технологиялар енгізіліп, егістіктерде тамшылатып суару әдісінің кеңінен қолданыла бастағанын, егін шаруашылығы бойынша басым дақылдарға арналған алқап көлемінің ұлғайғандығын тілге тиек етті.

фото: Шу ауданы әкімдігі 
фото: Шу ауданы әкімдігі

Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін бір топ еңбек озаттарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Аудандық «Nur Otan» партиясы мен мәслихаттың Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын алғандар да қуанышқа кенелді. Айта кетерлігі ауыл шаруашылығы саласына биыл барлығы 1 млрд 853 млн 419 мың теңге көлемде қаржы тартылды. Оның ішінде, «Шу–несие» серіктестігі арқылы 431 млн 839 мың теңге, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өз қаражаттары бойынша 254 млн 380 мың теңге, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 512 млн 200 мың теңге, ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан 240 млн теңге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 415 млн теңге несиелендірілген. Осынау тартылған қаражатты пайдалана отырып, ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілері 50 млрд 151 млн 400 мың теңгенің өнімін, оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 35 млрд 316 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша 14 млрд 728 млн теңгенің өнімі өндірілген.